Биылғы жыл дүбірлі мерейтойлар жылы. Соның бірі-Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Осы атаулы мерекеге байланысты Мен жетекшілік етіп отырған 5 «А» сыныбына бекітілген ардагеріміз бар. Ол ҰОС және тың игеруге де атсалысқан ардагер-Толстопят Пантелей Леонтьевич.
Толстопят Пантелей Леонтьевич 9 тамыз 1926 жылы Щучинск ауданына қарасты Райгородок ауылында дүниеге келген.
Оқушылар қарттар күнінде, жаңа жыл мерекесінде, «Қамқорлық» акциясына байланысты қартпен кездесті. Пантелей Леонтьевич буындарының ауруына байланысты аса жүре қлймайды, сол себепті оқушылар ол кісімен кездесуге барады. Сыныпта 24 оқушы, кездесуге барлығы бірдей бара алмайды, топ-топ болып барады.
Мен Толстопят Пантелей Леонтьевичтің үйіне 21. 01. 2015 ж., барып, көңіл-күйін, денсаулығы мен тұрсыс-жағдайын білдім. Ардагер 4 бөлмелі пәтерде баласы мен келінінің қолында тұрады. Тұрмыс-жағдайы өте жақсы: бөлмелер жарық, жылы, таза, ұқыпты. Баласы мен келіні барлық жағдайды жасаған, қарттың жеке бөлмесі бар.
Пантелей Леонтьевич хал-ахуалын білу үшін арнайы келгенімді біліп қуанып қалды. Әңгімелескенді, көпшілікті ұнатады екен. Ардагермен біраз әңгімелестім. Жаңа жыл қарсаңында Президентімізден құттықтау хат пен сыйлық алғанын айтты. Өткен жылғы шілде айында Белоруссияны азат етуге қатысқаны үшін арнайы медаль және алғыс хат алғанын да атап кетті. Келіні атасының айтқандарын әкеліп көрсетті.
Пантелей Леонтьевич әлі де өмірде жақсы кісілер барлығына, Отан үшін жасаған ерліктері әлі де ұмытылмай еленіп жатқандығын аса тебіреніспен сөз етті.
Соғыс ардагерінің 5 баласы бар: екі қызы Бурабай ауданының Веденовка ауылында тұрады. Бір қызы Германияда, бір қызы Ресейдің Тула қаласында тұрады. Алыста тұратын қыздары жыл сайын әкесіне келіп тұрады екен. Жұбайымен 56 жыл отасқан. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін баласы қалаға көшіріп алған.
Ардагердің денсаулығы жаман емес. Өзі «Тамағым сау, тек жүруім шамалы. Ақырын-ақырын бөлме арасында жүремін, қарт адам үшін бұл да жарар, ал арманым 9 мамырда тойланатын Ұлы Жеңістің 70 жылдығын көрсем» деген арманы мен тілегін де білдірді.
23 сәуір күні сынып оқушылары ардагерді Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойымен құттықтау үшін кездесуге барды. Күні бұрын баратындығымызды айтып ескерткен едік. Қарт-жауынгер бар медаль-ордендерін тағып, парадқа шығатындай дайын отыр екен. Амандық-саулықтан кейін ақсақал әңгімесін бастады. Осы жолы барған оқушыларға қарт –ардагер өз өмірін, соғысқа қалай барғандығын былайша баяндады:
-Мен 9 тамыз 1926 жылы Щучинск ауданына қарасты Райгородок ауылында, қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келдім. 5 кластық білімім бар. 1943 жылдың желтоқсан айында әскер қатарына шақырылдым. Мені Алматының түбіндегі Тастақ деген жердегі оқуға жіберді. Сол жерден мен өз өтінішім бойынша майданға аттандым. 1944 жылғы 15 қаңтарда 720-атқыштар полкінде әскери міндетімді жалғастыру үшін жіберді. 23 ақпанда ант қабылдадым. 204-атқыштар дивизиясының құрамында Белоруссияны азат ету үшін болған кескілескен соғысқа қатыстым. Осы жылғы тамыз айында ауыр жараланып, тамыздың 24-іне дейін госпитальда ем қабылдадым. 1945 жылғы қаңтарда жарақатымның ауырлығына байланысты елге қайтарды. Елге келіп малшы болып жұмыс жасадым, егін науқанында комбайынға отырдым. 1957 жылы «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталдым. 1947 жылы үйлендім. Жұбайым екеуіміз жарты ғасырдан артық өмір сүріп, 5 бала тәрбиелеп өсірдік. 1986 жылы құрметті демалысқа шықтым. Бүгінде 17 немерем, 28 шөберем бар».
Балалар қарт-жауынгерге өз құрметтерін білдірді. Кездесуден естелік ретінде ардагермен суретке түсті. Пантелей Леонтьевич балаларға өз тілегін де білдірді.
Мерейтойлар мерейлі болсын, аспанды бұлт торламасын дегім келеді.