«№12 орта мектеп» КММ кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Кеңес Одағының Батыры, академик, мұғалім, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығына арналған «Батыр-тағдыр, ғылыми-ғұмыр» атты кітап көрмесі дайындалды. Кітап көрмесінің негізін М.Ғабдуллиннің 11 томдық шығармалар жинағы құрайды.
Мәлік Ғабдуллин қайраткер тұлға, ғылымда да мол мұра қалдырды. Соның ішінде «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты оқу құралы фольклористика саласындағы күні бүгінге дейін таптырмайтын құнды еңбек болып табылады. Заман өзгерді, қоғам өзгерді, бірақ фольклордың базалық құндылықтары өзгерген жоқ. «М.Ғабдуллин музейі» қызметкерлері қазақтың ұлы қайраткер ұлының туғанына 100 жыл толуы қарсаңында М.Ғабдуллиннің әдеби мұрасын жинастырып, оны баспаға дайындады.
Көптомдықтағы еңбектерді саралай қарағанда академиктің жан-жақты ғылыми қарымы мен азаматтық тұлғасы асқақтай көрінеді. Бұл көптомдық замана келбетін, замана ерекшелігін екшеуге мүмкіндік береді.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» - дейді халық даналығы. Бұл М.Ғабдуллинге жарасымды үйлесетін теңеу. Мәлік Ғабдуллин халқымен, қазағымен бірге жасайтын мәңгілік тұлға!